Астана қаласы әкімдігінің Ғ. Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясында «Ана мектебі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 11–14 жас аралығындағы оқушыларға арналған танымдық іс-шара өтті.
Кездесудің мақсаты – оқушылардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтану туралы білімдерін арттыру, салауатты өмір салтының қағидаларын түсіндіру және дұрыс тамақтанудың өсу мен дамудағы, денсаулықты нығайтудағы, сондай-ақ созылмалы жұқпалы емес аурулардың алдын алудағы маңызын насихаттау.
Іс-шара барысында оқушылар пайдалы тағамдарды таңдау, күнделікті ас мәзірін дұрыс құру, дәрумендер мен минералдардың ағзаға пайдасы туралы құнды ақпарат алды. Сонымен қатар, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырудың маңызы түсіндіріліп, белсенді өмір салтын ұстануға шақырылды.
Осындай ағартушылық кездесулер жас ұрпақтың денсаулығын сақтауға, дұрыс өмірлік дағдыларды қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.